Ұлы Жаббар Иеміз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар, Оның Ардақты Елшісі Мұхаммедке Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Баршамызға белгілі abai.kz сайтында Зікірия Жандарбек "Сіз кімсіз Сманов мырза?!" деген мақала жариялаған болатын. Осы мақаласында ол кісі Құран аяттарын келтіріп, әруақты Алладан бөлек қарастыруға болмайтындығын, әруақтар адам баласын қолдайтынын дәлелдемек болған. Енді келтірген дәлелдерін саралап көрсек, ол кісінің келтірген аяты Бақара сүресінің 87-ші аяты: 《Уә айаднаһу би рухил- қудус》, - деп жазып, аудармасын: 《Біз оны пәк әруақпен, қасиетті әруақпен қолдадық 》деп аударған. Яғни, "Рухил-қудус" деген сөзді "әруақ" деп отыр. Алайда, біз Құранды осылай өз түсінігімізбен аудара берсек, әрбіріміз өз алдымызға бөлек бір дін шығарып алған болар едік. Сол үшінде Алла Тағала білім иелеріне еруді талап етіп, Құран Кәрімде былай дейді: (Фатыр сүресі- 28)《Шын мәнінде, құлдарынан Алладан қорқатыны- ғалымдар》. Басқа бір аятта ("Нәхл" сүресі-43):《Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!》, - деген. Осы аяттарды ескере отырып, біз әһли суннаның бірнеше ғалымдарының аятқа жазған түсіндірмесін айта кетсек: муфассир Имам Табари (30/144 бет) "Руһул-қудус"-ты Жәбірейіл (ғ.с) дейді. Имам Байдауи да әруақ емес "Жәбірейіл періште" - деген. Муфассир Ибн Кәсир осы аятты тәпсірлеп келіп, Ибн Масғуд (р.а) пен Ибн Аббас (р.а) және де Мұхаммед Ибн Кәғбтың "Рухул-қудусты" Ол- Жәбірейіл (ғ.с.) дегенін жеткізеді. Осы сахабалар мен ғалымдардың сөздерін дәйекке алсақ, "Руһул-қудус"-ол әруақ емес, Жәбірейіл (ғ.с.) екенін білеміз.
Ал, мақалада келтірілген тағы екінші аят (Жүсіп сүресі- 87):《Иә тәйассу мин рухилла》- деп, аудармасын "Алланың әруағынан, Алланың жаратқан әруақтан үміттеріңді үзбеңдер, бас тартпаңдар!" - деп аударған. Осылайша келтірілген аяттың біз Құран Кәрімнің түпнұсқасынан қарап көрсек: 《 يَا بَنِيَّ اذْهَبُوا فَتَحَسَّسُوا مِنْ يُوسُفَ وَأَخِيهِ وَلَا تَيْأَسُوا مِنْ رَوْحِ اللَّهِ》 "Әй ұлдарым! Барыңдар да Юсуфты және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер"-делінген. Бұл аяттағы 《 مِنْ رَوْحِ للّه 》 (мин раухилла) деген сөзді Зікірия Жандарбек《من رُوح اللهِ 》(мин рухилла) деп, Құран Кәрімнің "Роух" сөзін "Рух" сөзіне ауыстырған (Халифа Алтай атамыздың аудармасынан қарап көрсеңіздер болады).
Өздері ұстанған жолдарын (ағымдарын) дәлелдеу үшін, Алла Тағаланың аятын өзгертіп, мағынасын ауыстырған адам баласынан нені күтуге болады? Қазақ бабамыз айтқандай: "Құдайдан қорықпағаннан қорық" - дейді. Алладан қорықпаған пендеден бар нәрсені күтуге болады.
Біз, Зікірия Жандарбекке айтарымыз Алла Тағаладан қорқып, тәубесіне келуін сұраймыз. Біз оның ҚМДБ-ға тигізген сөздері үшін де кешірім сұрауын өтінеміз. Себебі, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы "Сопылық жолды" ешқашан жоққа шығарған пәтуасы жоқ.
Бірақ, қазіргі қоғамымызда өзін сопымыз деп, пірге қол беріп адасып жүрген кісілеріміздің көптің қасы. Олардың пірлерінің бірімен сұхбат барысында (ақпарат желісінде):" Біз әруаққа табынған қазақ болайық!"-дегені және де "пірдің қолы- Алланың қолы" деп жүрген сөздеріде бәрімізге белгілі. Осындай ұранды ұстанып, ҚМДБ-ның бекіткен Матуриди ақидасы мен Әбу Ханифа (рахимаһулла) мазхабындамыз деп қалай айтады? Әлде, Имам Матуриди мен Имам Ағзам Әбу Ханифаның еңбектерінде дәл осылай айтылған сөздері бар ма екен? Немесе, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 23 жыл бойы түсірілген Құран Кәрім осыған шақырады ма екен? Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әкелген діні Алланың жалғыздығына, оған ешнәрсені (ол патша болсын, әулие болсын мейлі ол пайғамбарлар болсын) серік қоспауға шақырды. Міне, Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге қалдырған басты міндеті осы еді.
Алла Тағала Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбеттерін адасушылықтан сақтасын!