ЕМШІЛЕР МЕН БАҚСЫ-БАЛГЕРЛЕРДІҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ
ЕМШІЛЕР МЕН БАҚСЫ-БАЛГЕРЛЕРДІҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ

Барлық мадақ күллі Әлемнің жаратушысы Алла Тағалаға тән!

Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның жанұясына және сахабаларына Алланың сәлемі мен игілігі болсын.

Содан соң,

Қазіргі заманда басына қиыншылық түссе, көпшіліктің  жүгінетін алғашқы нәрсесі Құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, қолынан түк келмейтін бақсы-балгер, емшінің тәтті өтірігі болып кеткені құпия емес. Расында, халық арасында бұл дерттің таралуы еліміз үшін үлкен қасірет.  Өзін ғайыпты білуші, бақсы, емші, көріпкел етіп жариялаған адам халық білімсіздігін пайданалып, түрлі айла қолдануда, әрі олардың саны жылдан жылға өсуде. Бұндай сұмдықтың алға өрбуін тоқтатып, түбірінен жою үшін халыққа ақиқаттың пердесін ашуды аса маңызды санадық.

Мақалада төмендегі мәселелер қозғалады.

  • Балшылар тобына кімдерді жатқызамыз?
  • Олар ғайыпты білуші ме?
  • Бал ашудың және балгер, емшілерге барудың шариғаттағы үкімі мен салдары қандай?
  • Неліктен олардың айтқаны кейде рас болады?
  • Емшілік. Емшіліктің қай түріне рұқсат, қай түріне тыйым?
  • Сиқыршылық, әруаққа сыйыну, молаларда түнеу дұрыс па?
  • Жындар адамдарды қалай алдайды?

 

Балшылар тобына кімдерді жатқызамыз?

Бал ашу — болжам жасаудың (ғайыптан хабар берудің) ертеден келе жатқан түрі. Ал, ғайып деп келешекке тән нәрселерді айтамыз. Сондықтан, балшылар тобына өзін ғайыпты білемін деп жария қылушылардың барлығын жатқызамыз. Мысалы, сиқыршылар, тәуіп, емшілер, көріпкелдер, құмалақшылар, жұлдызшылар, бақсы-балгерлер және т.с.с. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен, сиқыр жасаумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін.

Тәуіп сөзінің мағынасына келсек, ол араб тілінің «тобииб» طبيب дәрігер деген сөзінен шыққан. Қазіргі адамдардың қолданысында тәуіп деп шариғатқа қайшы жолмен емдейтін емшілер аталып кетті.

Енді бәз біреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жатады, әрі өзінің лас тірліктерін осылай асыл дініміз арқылы бүркемелекші болады. Бәрібір мұның барлығы да «бал ашушылыққа» жатады. Яғни, ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Ал оларға баратын, болжауларына сенетін, әрі олардың айтқандарын растайтын адамдар қоғамда көптеп кездесіп жатады. Осының нәтижесінде, емшіге бару, бал аштыру шариғат тұрғысында дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ туындайды.Әрі бұл сұрақтар көптеген қарапайым халықтың көкейін де жүр Оны анықтау үшін ең алдымен бұл мәселедегі ең маңызды сұрақты талдайық: ғайыпты кім біледі?

 

Ғайыпты кім біледі?

Емші, балгерлердің тәсілі әр түрлі болса да, тірлігі бір – олар өздерін ғайыпты (көместі) білуші санайды. Құранның сөздерін, пайғамбарлардың аттарын қолданып, түрлі айламен халықты соған сендіреді. Алайда, бұл адамдар расында да сондай қасиетке ие ме? Ғайыпты білу кімге тән?

Бұл жайында ақиқат көзі Құран Кәрімде не жазылғанына назар салайық:

«Көктер мен жердегi көместi Алладан басқа ешкiм бiлмейдi». («Нәміл» сүресі, 65-аят)

Сондай-ақ, Алла Тағала келесі аяттарда былай дейді:

«Ғайыптың кілттері Оның қасында! Оларды білетін тек Ол ғана».(«Әнғам» сүресі, 59-аят)

Және де:

«Алла Тағала  ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…» - деп, «Жын» сүресінің 26-27 аяттарында баяндалған.

Демек, шынтуайында, ғайыпты білуші тек Алла Тағала ғана, одан басқа ешкім емес! Ғайып келешекке тән нәрсе болғандықтан, алдымызда не күтіп тұрғанын болжап біле алмаймыз. Ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді.

Алла тағала бұл жайында «Әғраф» (188-аят) сүресінде былай дейді:

« Мұхаммед айт ﷺ : «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер ғайыпты білген болсам, әлбетте, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» »

Көріп отырғанымыздай, адамзаттың ең ардақтысы, Алланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбарымыздың ﷺ өзіне де ғайып мәлім емес. Пенделердің ең ардақтысы ﷺ ғайыптан толықтай бейхабар болса, қарайым күнәхар құлдарға ғайыптың мәлім болуы, әлбетте, мүмкін емес. Сондықтан, өзін ғайыпты білуші, ерекше күштің иесі, әруақпен тілдесіп болжам жасаушы т.б. деушілердің барлығы дерлік  нағыз өтірікшілер!

 

Бал ашудың және балшыларға барудың шариғаттағы үкімі

Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша көріпкелдікпен айналысу(ғайыпты білемін деп жариялау)  -  харам. Және шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да — харам. Сонымен бірге, ғалымдар «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Тіпті кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, балшыға бару күпірлікке апарады.

Құран — адамзатқа ақиқатты жеткізу үшін жіберілген Алланың хақ сөзі. Құранға иман келтіру және әр сөзін ақиқат деп қабылдау — әр мұсылманның парызы. Сондықтан, Құранның аяты келгенде «Йә, ғайыпты білуші тек Алла ғана, бірақ…» деген секілді сөздер мүлдем айтылмайды. Құранның анық аяттарында хабар етілгендіктен, ғайыпты білуші тек қана Алла Тағала екеніне иман келтіріп, оны ақиқат деп қабылдау – әркімнің парызы.

Енді балшыға барушы мен бал ашушының жағдайына назар салайық. Бал ашушы өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрау үшін барып жатса, Алладан түскен хақ сөзге анық қарсылық жасағаны. Олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Бұл – ұлы күнә!

Сүйікті Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде бұл жайында былай делінген:

«Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты». (Ахмад, 2/429 бет)

Келесі хадис балшыға барудың күнә екендігіне тағы бір дәлел :

«Кімде-кім әйелмен оның етеккірі кезінде, немесе оның артынанқосылса, немесе балгерге барса, ол Мұхаммедке жіберілген нәрселерге қарсы келді» (Әбу Дәуд 3904, әт-Тирмизи 135)

Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Оған қоса, балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі, келесі хадистерде былай делінген:

«Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді» (Муслим, 2230)

«Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді». (Муслим және Ахмад риуаят етті)

Намаз ең үлкен ғибадат болғандықтан, ғибадаттың ең үлкені қабыл болмаса, кішісі де қабыл етілмейді. Яғни, ол адамның намазы, құлшылығы, тілегі қабыл болмайды деген сөз. Ол адамның Алла Тағалаға жақындайтын есіктердің бәрі жабылады. Демек, балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше өз жолын жаптырып жатқанын білмейді. Көріп отырғаныңыздай балшыға бару, біріншіден, харам, екіншіден, ғибадаттың барлық түріне жол жабады.

Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығады. Кейбіреулер емші, балгерлерді қасиетті адам деп әспеттейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бал ашып, ғайыпты болжауға тырысып, өтірік әрекетімен Аллаға қарсы шығып, халықтың ғибадатына бөгет болған адам қалай қасиетті болмақ?

 

Неліктен кейде рас айтады?

Өзін ғайыпты білуші санаған барлық балшы-балгерлер өтірікші болса, онда неліктен кейде олардың айтқаны рас болады деген сұрақ туындайды.  Бұл сұрақтың жауабын Құран мен хадистерден табамыз.  Айша анамыз (Алла одан разы болсын):

«Бірде бір топ адам Алла Елшісінен көріпкелдер жайлы сұрағанда, Пайғамбарымыз 

«Олар түкке тұрғысыз»,– деп жауап береді.  Адамдар:

«Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады»,–дейді. Сонда Алла Елшісі ﷺ оларға:

«Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгерлер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып (болашақты білетіндей бал ашады)»-деп айтты»,-деген.» (Бұхари, Тәухид 57)

Кей кезде балгерлердің айтқанының дәл келетіні рас. Бұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіруге болады. Жындар көбінесе рухани төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондаай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдап‑арбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Негізінен жындар ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді. Бұл жайында Құранда:

«Әрине көкке қарманғанымызда оны қатал күзетші және атылған жалындарға толтырылған түрде таптық, Әлбетте тыңдау үшін аспанның кей орындарында отыратын едік…». («Жын» сүресі, 8-10 аяттар)

Жындар Алланың қалауымен берілген аса зор жылдамдық, әрі құдірет иесі. Ол жайында Құранда:

«Әй қауым! Олар маған бой ұсынып, келуден бұрын, оның тағын маған қайсың әкелесіңдер?»,- деді.(39) Жындардан бір ғыприт: «Оны орныңнан тұруыңнан бұрын келтіремін. Шын оған күшім жетеді де сенімдімін» деді.(40) Сондай өзі кітап ғылымына ие біреу де: «Оны кірпік қағуыңнан бұрын келтіремін» деді. (Сүлеймен Ғ.С.) оның, жанына келтіріліп, қойылғанын көрген сәтте: «Бұл Раббымның кеңшілігі. Шүкірлік қылам ба, нәсүкірлік қылам ба, мені сынау үшін. Кім шүкірлік қылса, әрине өзі үшін қылады. Ал кім нәсүкірлік етсе, Раббым бай да (оның шүкірлігіне мұқтаж емес), өте жомарт». («Нәміл» сүресі, 38-40 аяттар)

Яғни, жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Қазіргі кездегі кейбір көріпкелдердің өзіне келген адамдар жайында толық мәлімет білуі — осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Көріпкел өзінің бойында керемет қасиет пайда болғандай сезініп, бұл сыбырлаушы екінші жақты оның аталары, әулиелер т.б. деп пайымдайды. Сөйтіп, ол өзін көріпкел, балшымын деп жариялайды. Расында, олар ешқандай тылсым қасиетке ие емес, жай өтірікшілер ғана. Алла Тағала бұндай адамдардың өтірікші екенін былай жеткізді:

«Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші». («Шұғара сүресі», 221-223 аяттар)

 

Емшілік пен Тәуіп

Шариғат таразысында дұрыс және бұрыс емшіліктің ара жігін ажырату аса маңызды мәселе. Өйткені, емшіліктің бұрыс түрі адамды адасушылыққа, сенімінің бұзылуына апарады. Және, өкінішке орай, ондай адасушылықтың ақыры күпірлікке айналуы әбден мүмкін. Бұндай қасіреттен Алла Тағалаға сыйынамыз!

Халық арасында шариғатта тыйым салынған емшілікпен айналысатындар және емшілерге барып, соларды жағалап кеткендердің саны көбеюде. Алла Тағала:

«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар»,  деп, оларға бару былай тұрсын, сақтаныңдар яғни, жоламаңдар деп ескертеді. Әрине барлық емші, сынықшыларды даттауға болмайды, олардың да арасында ауруды, емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен берілген бұл міндетті аманат санап емдейтіндер бар. Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбарымыз ﷺ  үйретіп кеткендей, дем салып емдейді.

Алайда, адамдарды алдап, қасиетті Құран Кәрімді, сүйікті Пайғамбарымыздың ﷺ асыл атын пайдаланып жүрген көзбояушы алаяқтар да аз емес. Олар өздерін «Алланың адамдарымыз», «Ақ әулие», «Арқасы бар», «Алланың берген емшілігімен емдейміз» т.с.с.  деп атап, адамдардың шарасыздығын пайдаланып, сан түрлі айлаларға барады. Ондай адамдардың көп жағдайда жындармен байланысы бар. Оны олар білмеуі мүмкін немесе біліп, жасыруы да мүмкін.

 

Емшіліктің қандай түріне рұқсат етілген?

Ислам шариғатыі әсілінде, мұсылмандарға денсаулықты күтуге, тазалықты сақтауға, ауырған жағдайда емделуге шақырады. Әрі адам тәні Алла тарапынан құлдарына берілген аманаттардың бірі. Бірде, бір дала арабы пайғамбарымызға ﷺ келіп:

«Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол ﷺ: «Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар» - деген. (Тирмизи, 4/383)

Шариғатта рұқсат етілген емнің екі түрі бар: дәрі-дәрмекпен ем жәнедұғамен ем.

Дәрі-дәрмекпен емге медициналық ем түрлері жатады. Егер емдейтін адам қай дәрінің қандай әсері бар екенін жақсы білсе, шөптердің қасиеттерін зерттеп, соны меңгеріп алса, немесе арнайы медициналық оқу тамамдап, аурудың туындау, емдеу себептерін үйренген болса, бұл емнің рұқсат етілген түріне жатады.

Дұғамен ем. Алла Тағалаға жалынып, жалбарыну арқылы жасалатын ем. Бұған Құран оқу, сүннетте келген Пайғамбарымыздың ﷺ дем салу кезінде оқыған дұғаларын оқу жатады. Сонымен қатар, науқас адам немесе оның жақыны намазға тұрып, тікелей Алла Тағаладан аурудың шипасын тілеуі де, осы ем түріне жатады.

 

Емшіліктің қандай түріне тыйым салынған?

Шариғатта тыйым салынған ем түрлерінің бір ортақ қасиеті – мұсылманды сенім мәселесінде адастыру. Иманның алтыншы шарты — жақсылық та, жамандық та бір Алладан деп сену болса, бұл жағдайда ауру да, оның шипасы да бір Алладан деп иман келтіру – әр мұсылманның парыз. Ал, адасқан емшілер және оларға келгендер дәл осы сенім мәселесінде сүрініп жатады. Олар аурудың емін Алла емес, белгісіз тылсым күш, әруақ т.б. береді деп сөйлейді. Сондықтан, адасушылықтан сақтану үшін емшінің сенімінің дұрыстығын не бұрыстығын анықтау керек.

Шариғатта тыйым салынған емшілікті  төмендегі үш топқа жинақтауға болады:

Сиқыр, белгісіз тылсым күш арқылы емдеу;

Әруақ, рух, әулие күші арқылы емдеу;

Әулие, ата-баба молаларына, кесенелеріне түңелту және т.б. арқылы емдеу;

- Сиқыршылық, белгісіз тылсым күш, аластау, жын  т.б. арқылы емдеу.

Бұл топтағы емшілер аурудың емі Алладан емес, сол емшіге түскен тылсым күштен, сиқырдың әсерінен деп сенеді. Олар түрлі жоралар (от жағу, алдараспан күйдіру, жын шақыру т.б.) жасап, тылсым күштердің қуатымен шипа келеді деп есептейді. Расында, бұл — ұлы адасушылық. Айтып кеткеніміздей, ауру да, шипа да тек Алладан. Ал, бұған иман келтірмеген адам Алланың тағдырына қарсы шыққан болады.

Имран Ибн Хусейннен (Алла одан разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында:

«Кім де кім құс ұшырса немесе ол үшін  құс ұшырылса, бал ашса немесе ол үшін бал аштырылса, сиқыр қылса немесе ол үшін сиқырлық қылынса – ол бізден емес; және кім балгерге барса және оның айтқанын растаса, ақиқатында, Мұхаммедке түсірілгенге кәпір болды» (әл-Баззар) – делініп, сиқыршылықтың үлкен күнә екенін айтып өтті.

 

Әруақ, рух, әулие күші арқылы емдеу

Әруақ араб тілінің «рух» сөзінің көпше түрінен шыққан сөз, тілдік мағынада дүниеден өткен адамның жанын, рух білдіреді.  Адамның өмір сүруінің ең негізгі үш кезеңі бар: осы дүние, барзах (қабір) әлемі және ахирет. Осы уақытқа дейін дүниеден өткен барлық адамдардың жандары барзах әлеміне жатады. Барзах әлеміндегі жандар:

- бұл әлемге ешқалай өте алмайды

- бұл әлемде ешқандай іс атқара алмайды

- ешқандай ізгі амал жасай алмайды

Сондықтан, біріншіден, олардың осы дүниеге өтіп, емшілермен тілдесуі мүмкін емес. Екіншіден, осы әлемге келіп бір іс атқаруы да мүмкін емес. Үшіншіден, адамдарды емдеп, сауапты, ізгі амал жасауы да мүмкін емес.

Сондықтан, әруақтар осы дүниедегі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, әлемдегі құбылыстарға, тіпті ағаштан жапырақтың түсуіне ешқандай да әсер ете алмайды. Олардың осы дүниедегі шаруасы толықтай бітті. Өлгендер жайлы «Тірлігі бітті», «Шаруасы аяқталды» деген қазағымыздың қанатты сөздері де осыған қатысты айтылған.

Ендігі сұрақ, әруақтар барзах әлемінде болса, емшілермен тілдесіп жүрген «әулиелер» кімдер? Шын мәнінде, бұл емшілер ата-баба, аруақтармен емес, солардың келбетінде келген жындармен байланысуда. Жындар әдетте әулие, әруақ, баба бейнесінде адамның түсіне еніп, не көз алдына елеспен келіп, не сол бабасының даусымен сөйлеп, адамдарды алдап-арбап, өзінің қызметшілеріне айналдырады. Оған имам Бухари жеткізген мына хадис дәлел: Алла Елшісі ﷺ айтады:

«Кімде-кім мені түсінде көрсе, расымен де көрді, себебі, шайтан менің бейнеме ене алмайды».

Емшілердің кейбірі соны біліп жасырады, басқасы оны білмей «әруақ» деп атай береді. Бұндай ем Алланың құдіретіне емес, әруақтың қуатына сенуге апарады, сөйтіп адамның сенімін бұзады. Адам баласы Аллаға емес, басқа көмес (көзге көрінбейтін, беймәлім) нәрсеге сеніп кетеді. Сондықтан, жынменен араласып емдеуге, шариғатта тыйым салынған.

Әулие, ата-баба молаларына, кесенелеріне түнету және т.б. арқылы емдеу.

Расында, түрлі мола, кесенелерді аралап, бұл дүниеге еш қатысы жоқ, тіршілігі аяқталған барзах әлеміндегі рухтардан аурудың шипасын сұрау — ұлы адасушылық әрі ақымақтық. Өйткені, айтып өткеніміздей, барзах әлеміндегі жандар:

- бұл әлемге ешқалай өте алмайды

- бұл әлемдегі тіршілігі толықтай тоқтайды

- ешқандай ізгі амал жасай алмайды.

Біріншіден, барзах тұрғындарының бұл дүниедегі тірлігі мен ісі толықтай аяқталса, олар адамға не пайда, не зиян келтіре алмайтыны анық.  Олардың осы дүниеге өтіп, адамдардың жолын ашып, ауруына шипасын беруі мүлдем мүмкін емес, ақылға қонбайтын нәрсе.

Екіншіден, жақсылық та, жамандық та тек қана Алладан.  Ал, егер біреу Алладан басқа әруақ не баба адамға зиян, не пайда тигізе алады деп сенсе, әлемнің Раббысына әлемді басқаруда серік қосқан болады. Өйткені,  әлемді басқарушы, ауру беруші, шипа беруші, риқызтандырушы — жалғыз Алла! Бұндай қасіреттен Аллаға сыйынамыз!

Ескерту: мыңдаған адамды емдегеніне қарамастан, сенім шекарасынан шыққан емнің барлығына  шариғатта қатаң тыйым салынған. Бұндай арам емшіліктің нәтижелі болуы — Алла Тағаладан келген сынақ.  Бір нәрсенің дұрыс не бұрыс екенін білу үшін, оның нәтижесіне алданбай, дінімізге, Құранға және хадиске қайтуымыз керек.

 

Жындар адамдарды қалай алдайды?

Жоғарыда жындардың адамдарды адастыратын бір әдісі періштелердің әңгімесін тыңшылық жасап,  оны бақсы-балгерлердің құлақтарына сыбырлау екенін айтып өттік. Жындардың адамдарды адастыруға апаратын келесі әрекеті — адамдарға олардың ата-бабасы келбетінде түсіне ену, немесе көз алдына періште, аруақ түрінде келу немесе соның даусымен сөйлеп қорқыту. Осындай  әрекеттерден кейін жындар менменсіп, даңдайсынып, өздерін адамдардан үстем санай бастайды, сөйтіп адамдарды өз қызметшісіне айналдырады.

Имам Қуртуби, Табари, Ибн Кәсир (оларға Алланың мейірімі болсын) секілді ұлы тәпсірші ғалымдардың тәпсірлерінде жындардың адамдарды қалай алдайтыны баяндалады. Құранның «Жын» сүресінің 6-аятында Алла Тағала жындардың әңгімесінен мынадай үзінді келтіреді:

«Шынында адамдардан кейбір ерлер жындардың кейбір ерлерінен пана іздейтін еді, сонда олар жындардың менменсуін арттыратын еді».

Осы аяттың тәпсірінде Имам Табари айтады (осы мәселе Қуртуби, Ибн Кәсирдің де тәпсірінде келеді): 

«Аллаһ айтады:

«Расында, адамдардың арасынан кейбір еркектер жындардан шыққан еркектерден пана іздейтін, алайда бұл олардың рахақын арттырды»  («Жын» сүресі, 6-аятында)

Мәнісінде, жындар былай дейді: «…біз адамзаттан жоғары бір лауазымға иеміз деп ойлайтын едік, өйткені олар ойпат жерде немесе шөлді аумақтың, маң даланың айналасында жүрсе бізден   қорғаныш іздейтін еді». Бұл Исламға дейінгі надандық заманы арабтарының ғұрпы еді. Олар бір жерге қоныстанса, жол жердің Жынынан өзіне пана тілейтін. Сондықтан, адамдар жындардан қорыққаны үшін жындардың өзінен пана тілейтінін көрген соң, жындар рахақты  арттырды, яғни қорқыныш пен үрейді арттырды. Олар бұны адамдар олардан одан бетер қорқып, одан да қатты пана тілеу үшін жасады» (Ат-Табари, 23:655)

Көріп отырғанымыздай, жындар адамдарды өз мақсаттарында қолдануы мүмкін. Мысалы, түстеріне еніп, немесе көзіне елес боп келіп қорқытады, айтқанын жасатады. Имам Қуртуби секілді ғалымдардың тәпсірлерінде жындар адамдар ашық далада жүргенде олардың түстеріне еніп, мал сойғызатыны, айтқанын орындаған соң, оларға тиіспей қоятыны туралы баяндайды.

Бұл қазіргі емшілердің әңгімесімен дәлме дәл келеді. Олар «Маған аталарым айтып тұр қара тауық сой», «Көк қойдың басын ап келіп қақ», «Қойдың өкпесін қағып қой» сонда ауруыңнан жазыласың дейтіндер бар. Бұл Құран Кәрімнің тәпсіріндегі ұлы ғалымдардың келтірген түсіндермесімен, келтерген хадистерімен дәлме дәл келеді.

Осылайша балгер, бақсы, емші, сиқыршы т.б. мәселелері талданды. Халыққа айтатынымыз басыңызға қандай да бір қиыншылық түссе, ең біріншіден жәрдемді әлемдердің Раббысы Құдіреті шексіз Алла Тағаладан іздеңіз. Кейін, адамдардың арасынан қол ұшын беруге күші жететіндерден көмек сұраңыз. Расында, Алладан жәрдем, пана тілеу адамның жанына да, тәніне де дауа болады. Алла Тағала «Рағд» сүресінің 28-аятында:

«Расында, Алланы еске алумен ғана жүректер тыныштық табады» —деп,  жүректегі тыныштықтың, бақытты, тыныш өмірдің кілті Алланы еске алу, дұға және ғибадатта екенінде деп сүйіншілеп берді

Алла Тағала барша қиындықтарымызда бізге сабыр беріп, күналардан аулақ қылсын!

Баршамызға Алланың сәлемі мен мейірімі болсын.

Мақаланы дайындаған  HANAFI.kz сайты

Асхат АсқаровАсхат Асқаров
9 жыл бұрын 53346
1 пікір
Блог туралы